Бақылау диктанттары «Соңғы алма»

Күз айы еді. Рысбек ауланы жапырақтардан тазартып жүрген. Бір кезде ағаш басындағы жалғыз алмаға көзі түсті. Рысбек ойланбастан алманы алғысы келді. Ол бұтаққа шықты. Бұтақ сынып кетті. Рысбек ағаш түбіндегі кірпінің үстіне құлады. Ол жылап қалды. Үзіліп түскен алма кірпінің үстінде кетті. (42 сөз)

Тапсырма:

  1. Мәтінде қанша сөйлем бар?
  2. Соңғы сөйлемдегі тұрлаусыз мүшелерді белгіле.
  3. «Алма» сөзіне бірнеше жалғау қосып жаз.
Бақылау диктанттары «Құмырадағы су»

Қорада құмыра тұр. Оның ішінде суы бар. Бір кезде қара қарға құмыраның қасына келіп қонды. Оның су ішкісі келді. Құмыра биік.

Қарғаның тұмсығы құмырадағы суға жетпеді. Қарға жерде жатқан тастарды көрді. Ол тастарды тұмсығымен тістеп, құмыраға тастай бастады. Су көтерілді. Қарға құмырадан су ішті.

Тапсырма:

  1. Тұмсығымен сөзіне дыбыстық, буындық талдау жаса.
  2. Соңғы сөйлемдегі сөздердің байланысын сызбамен көрсет.
Бақылау диктанттары «Күз»

Қыркүйек. Күздің алғашқы айы. Аспан бұлттанды. Күннің қызуы азаяды. Күн салқындай бастайды. Ағаштың жапырақтары сарғая бастады. Терек пен қайың жасыл жапырағынан айырылды. Айнала сары ала түске боялды. Шық осы айда түседі. Құстар да жылы жаққа ұшып кетеді. Аңдар қысқы тіршіліктеріне кіріседі.

Тапсырма:

  1. Мәтіндегі сөйлем санын цифрмен жақша ішіне жаз.
  2. Не? нелер? Сұрағына жауап беретін сөздердің астын сыз.
  3. «Қыркүйек» сөзіне дыбыстық талдау жаса.
Сауаттылық диктанттары «Зейінді оқушы»

Шоқан он жасында әскери мектепке оқуға түсті. Мектепке келгенде орыс тілін білмейтін. Ол аз күнде орыс тілін үйренді. Шоқан өт е зейінді оқушы болды. Ол саяхат туралы кітапты қызығып оқыды. Саяхатшы болуды арман етті. Шоқан суретті де жақсы салды. Ол мектепті алтын алқамен бітірді.

Бақылау диктанттары «Балық аулаған балалар»

Күн жылы еді. Балалар өзенге келді. Біраздан соң қатты жел тұрды. Аспанды бұлт қаптады. Сіркіреп жауын жауды. Аздан соң жаңбыр құйып кетті. Балалардың үсті су болды. Олар ағаштардың арасына тығылды. Жауын басылды. Күн шықты. Балалар қайтадан өзенге келді. Қармақ салды. Балық ұстады. Кешке үйге қайтты.

Тапсырма:

  1. Жалаң сөйлемдердің астын сыз. Бастауышты бір, баяндауышты екі сызықпен сыз.
  2. «Қармақ» сөзіне дыбыстық талдау жаса.
  3. «Балықшылар» сөзін тасымалдау түрінде көрсет.
Сауаттылық диктанттары «Аңқау күшік»

Біздің Мойнақ деген күшігіміз бар. Мойнақты шеңберден қарғытып өткізбек болдық. Күшік шеңберден қарғымады. Сонан соң қағазға мысықтың суретін салдық. Оны шеңберге жапсырдық. Мойнақ суретті көрді. Аңқау күшік суретті тірі мысық екен деп, оған оқтай атылды. Сөйтіп, мойнақ шеңберден қарғуды үйренді.